Жоба жайлы

27 ақпаннан бастап 31 арнада тұсаукесер! Нәзік сезім, қатыгез тағдыр, байлар мен кедейлер әлемінің арасындағы алшақтық, тағдырдың адамға бір рет беретін бағы – біздің арнадағы ең ғажайып телехикаяда! Түркиядағы ең танымал, ең көп көрермен жинаған «Өшпес махаббат» (Kara sevda) телехикаясын әлемнің әр түкпіріндегі көрермендер шынайылығы, тазалығы, әділдігі, бірегейлігі және қайталанбас сюжеті үшін бір көргеннен ұнатқан. Ал бұл таңғажайып туындының басты рөлдерін – қыз біткеннің арманы, жігіттің серісі Бурак Өзчивит пен нәп-нәзік Неслихан Атагүл сомдайды. 27 ақпаннан бастап 21.00-де 31 арнада! 

Телехикая өзгелерге ұқсамайтын сценарийімен ғана емес, детективтік желісімен, ал бәрінен бұрын, талантты актерлерімен, кейіпкерлердің сезімін шынайы суреттеуімен көрерменін өзіне баурап алады. Режиссері – бұған дейін бірнеше мелодраманың сценарийін жазған Түркияның аты әйгілі режиссері Хилал Сарал.

 «Өшпес махаббат» Түркияның жасыл желекке толы алқабы, тарихы терең елдің қарапайым халқының, дәулетті әулеттердің өмір салты, жан тебірентер әуендері мен тамаша әндері көрермендерді тәнті қылады.  

Бурак Өзчивит «Сұлтан Сүлеймен» телехикаясында әскер басы Бали Бей, «Сары шымшық» телехикаясында махаббатқа адал Кямрян болып танылған және «Кішкентай құпиялар. Стамбул сырлары», «Еріксіз күйеу» атты фильмдерде ойнаған. «Өшпес махаббатта» ол алғашында кедей шахташы болып, кейіннен басына бақ қонып, дәулетті, табысты адамға айналған Кемаль есімді жігіттің рөлін сомдайды. 

Тағдыр Кемалға кенеттен тосынсый жасайды. Ол үріп ауызға салғандай Нихан атты сұлу студент қызға ғашық болады. Нихан да оны бір көргеннен ұнатады. Алайда, екі ғашық екі әлемнің өкілі. Бірі – байдың қызы, екіншісі – кедей жігіт. Олардың алдында – үлкен таңдау тұр. Үлкен өмірге қадам басу үшін шешім қабылдауға тиіс. Әйткенмен, тағдырдың тәлкегімен Кемаль ғашығымен айырылысуға мәжбүр болады. Сөйтіп ол өмірден үлкен сабақ алып, сезімін жүрегінің түкпіріне жасырып, шахтада жұмыс істеу үшін Зонгулдак қаласына кетіп қалады. Ал Нихан дәулетті отбасынан шыққан Эмир атты қатыгез жігітке еріксіз тұрмысқа шығады. Содан бастап Кемаль мен Ниханның жолы екіге айырылады. Бірін-бірі ессіз сүйген екі ғашық махаббаттан біржола күдер үзгендей болады...

Алайда өмір өз дегеніне көндіреді екен. Кемаль жұмыс істейтін шахтада орын алған апат – оның тағдырын мүлде басқа арнаға бұрып жібереді. Соның арқасында ол танымастай болып өзгеріп, Нихан мен Эмирде, өзін тағдырынан қашуға мәжбүр еткен адамдарда кеткен кегін қайтару үшін Стамбулға қайта оралады.

Бұл хикаядан көрермендер адамның бағы бір сәтте жанып, бір сәтте уысынан сусып кетуы мүмкін екенін, әлеуметтік теңсіздіктің қолыңды жіпсіз байлауы да, күрескер болып қалыптасуға ықпал етуі де мүмкін екенін түсінеді. Тағдыр кез келген бітпеген оқиғаға нүкте қояды. Бейтаныс жан деп жүргенің жақының болып, ал жақыныңды мүлде танымайтын болып шығуың да ғажап емес.

Махаббат дерті – жүрекке айықпас жара салады. Ол – көзсіз, азапқа толы, алайда мәңгілік таусылмайтын ғажайып сезім. 

 

27 ақпаннан бастап жұмыс күндері 21.00-де 31 арнада! 

Ақпарат

Жылы: 2015
Елі: Турция
Режиссер: Хилаль Сарал
Рөлде:
Кемаль - Бурак Озчивит
Нихан - Неслихан Атагюль
Эмир - Каан Урганджиоглу
Ондер - Кюрсат Алниачик
Хусейн - Орхан Гюнер
Вильдан - Неше Байкент
Фехиме - Зейно Эраджар
Тарик - Рузгар Аксой
Озан - Барыш Алпайкут
Зейнеп - Хазал Филиз Кючюкёсе